Әдіскер
Әбішев Бауыржан Әлтайұлы
(эссе)


    Ұлылықтың басында ұстаз тұрар. Шын мәнінде осы бір сөзді қанша естігенмен, мағынасына терең үңіліп көрмеппін.
Ал қазір, сәл ойланып қарасам...
    Кім боламын деген сауал санамды жаулағанда әлі оң, солымды танып үлгермесем де, мұғалім оламын деп армандағанмын. Бала арманыммен есейіп, шын мәнінде мамандық тааңдар тұста ойымның баршасы жинақталып келіп бәрібір мұғалімдікке тұрақтады. Қай пәннің мұғалімі болам деген сұраққа жауап өз-өзінен табылып, көз алдымда Әлия апайдың сұлбасы көлбеңдейтін.
Апайдың сыныпқа жай басып кіріп, амандық-саулықты сұрап, бірден сабаққа кірісетіндігі, әр баладан сен айт, сен айт деп орнынан тұрғызбай-ақ, жай қарапайым сауалдарға жауап ала отырып, бар баланың назарын өзіне, сабаққа аударып ала қоятын кезеңі елестейтін. Осы қиялмен ақыры биология пәнінің мұғалімі деген мамандықты қалап, оқу орнын тәмамдап, өз алтын ұя мектебіме оралдым.
    Қызық ... Бұрын өзіңе сабақ берген мұғалімдермен жұмыс жасай отырып, олардың әрқайсысынан әр нәрсенің сырын білуге ұмтылатынмын. Әсіресе, өзімнің Әлия апайымнан көп нәрсені ұғуға тырыстым.
    «Келешек – жастардікі, осы бастан ісіңді тиянақты атқар, баланы сүй, мамандығыңды сүй, не жасасаң да шын көңіліңмен, бар пейіліңмен атқаруға тырыс», - дейтін апайым.
Көп ұзамай өзім арқа сүйеген апай зейнеткерлікке шықты да, мен сасып-ақ қалдым.
Осы сәтте менің алдымнан тағы бір керемет адам шықты. Бұл Алланың құдіретін қойсайшы, бұрын атын ғана естіген, бірақ үркек қояндай үркіп, «мен оны көрмесем, ол мені көрмесе екен» деп жүрген кісімен бір семинарда танысудың сәті түсті. Биязы өңді, жүзінен иманы төгілген ағайдан еш қорқудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Қазақтағы «түсі игіден түңілме» деген аталы сөздің тауып айтылған сөз екендігіне көз жеткіздім. Бұл – аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Бауыржан Әбішев Әлтайұлы еді. Жақын таныса келе жаңалыққа жаны құмар, білімпаз, үлкенге де, кішіге де қамқор, тынымсыыз жан екенін аңғардым. Апайымның орнын басар тағы бір жанның жолыққанына шүкіршілік айттым.
     Ағайдың өзі де, О, Әлия апайдың шәкірті болсаң, жаман қыз болмадың, деп ойнақы сөзбен жадырап жауап бергені, іздеп барған сауалдарыма толық жауап беріп жатсынбай қабылдағаны кеудеме жылылық орнатты. Аз ғана уақыт ішінде онымен жақын араласып, басқа да әріптестерімнің көзқарасын байқадым. Сондағы аңғарғаным өз мамандығын жаны сүйетін, оны балаға ұқтыруға тырысатын, барлық мұғалімге қамқор, талапшыл, жабырқағанның жанынан табылатын шебер ұйымдастырушы көрдім.
    Қашан көрсең де шапқылап «Семинар өткізу керек», «сайыс өткізу керек», «тәжірибе алаңына баяндамалар дайындау керек» деп сан алуан жұмыспен жүрсе де көмек сұраған адамнан көмегін аяған емес. Өз шаруасын қоя салып, саған көмектеседі.
   Үнемі ағайдың ақыл-кеңесіне құлақ аса отырып, қатысқан сайыстан жүлдесіз оралған емеспін. Бұл менің әдіскерімнің жеңісі. «Еңбектенген адамның бейнеті босқа кетпейтінін» айта жүретін ағайыма деген айтар алғысым шексіз.
    «Ұстаз» сөзінің екі түрлі сипаты бар екені баршамызға белгілі. Бірі – белгілі бір пәннен беретін мұғалім болса, екіншісі – адамдарға ықпал етуші дана адам.
Осы орайда Бауыржан ағайды ұстаздарға ұстаздық еткен дана адам дер едім. Бұл менің ғана емес, аудан мұғалімдерінің бір арнаға тоғысқан пікірі.
    Ағылшынның ұлы ағартушысы Уильям Уорд «Ұлы мұғалім шабыттандырады» деген екен. Сол айтқандай сенің кішкентай жетістігіңді көріп, оны елеп, ескеріп, қадағалап отыратын, сені алға қарай ұмтылдырып, шабыттандырып отыратын ағайды «ұстаздардың ұлы мұғалімі» дер едім.

     Эпилог: Алдымызда тағы бір сайыс. Әне, Бауыржан ағай тағы бір нәрселерді іздеп орталық кітапханаға зымырап барады.

 

№153 Ш.Есенов атындағы орта мектептің
биология пәнінің мұғалімі                                                 Алма Бекетбаева

 

 
     Послание президента
      народу Казахстана
 
 

Қызылорда облысы, Шиелі аудандық білім бөлімі.
Байланыс телефондары: жұмыс тел: 8(724)3242180    үй тел: 8(724)3242456
E-mail: bauirjan_raioo@mail.ru

Hosted by uCoz